2022 жылдың 6-7 қазанында Алматы қаласында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90-жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның педиатриясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ, «Қазақстан педиатрлар одағы» ҚБ, «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті». 

Конференция барысында келесі тақырыптар қарастырылды:

  • Педиатрия мен балалар хирургиясын дамытудың ғылыми  және тәжірибелік аспектілері, балалар денсаулығын сақтау қызметіне инновациялық технологияларды енгізу.
  • Перинаталды патологиялардың алдын алу, диагностикалау мен емдеудің жаңа тиімді технологияларын дамыту және ендіру.
  • Педиатриядағы вакцинопрофилактика, отбасылық вакцинопрофилактика.
  • Балалар хирургиясының өзекті мәселелері. Балалардағы туа біткен ақауларды диагностикалау және хирургиялық емдеу мәселелері.
  • Балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары.
  • Сирек кездесетін аурулар. Ерте диагностика, емдеу, оңалту, асқынулардың алдын алу және тіркеу мәселелері.
  • Педиатриялық тәжірибедегі әлеуметтік мәні бар аурулар. Созылмалы және басқа да аурулары бар балаларға жеке көмек көрсету. Әлеуметтік мәні бар аурулары бар балаларға оңалту және паллиативтік көмек көрсету. Балалар мүгедектігі мәселелері.
  • Медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері.
  • Дифференциалды диагностика аясында медициналық логиканың түрлі аспектілерін және балаларды қарау мен емдеудегі мультидисциплинарлық тәсілдерді қолданатын қазіргі заманғы педиатрияның басқа да өзекті мәселелері.
  • Педиатрия қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру.

Конференция Қазақстан Республикасындағы балаларға медициналық көмек көрсетуді одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталды.

Іс-шараға Қазақстанның барлық аймақтарының, сонымен қатар жақын және алыс шетелдің 6000-ға жуық өкілдері қатысты. Бұл іс-шара түрлі мамандықтағы балалар дәрігерлеріне шетелдік және отандық әріптестерінің балаларға медициналық көмек көрсету бойынша озық тәжірибелері мен практикаларымен танысуға, сондай-ақ педиатрия мен балалар хирургиясына заманауи емдеу-диагностикалық технологияларды ендіру мен оларды жетілдіру мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Балаларды диагностикалау, емдеу және оңалтуда жоғары тиімділікке қол жеткізу мақсатымен мамандар конференция аясында жақын және алыс шетелдің (Әзірбайжан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Чехия мен басқа да жақын және алыс шетел мемлекеттері) педиатрия мен балалар хирургиясы саласындағы жетекші ғалымдары мен сарапшыларымен тәжірибе алмасып, кәсіби ынтымақтастық нығайтылды.

Конференция алаңдарында педиатрия мен балалар хирургиясы саласының ғылыми-клиникалық тәжірибесіндегі заманауи емдеу-диагностикалық технологиялардың мәселелері талқыланды.

Конференция аясында педиатрия және неонатология, балалар хирургиясы, онкология және гематология мәселелері бойынша пленарлық отырыстар, сонымен қатар орфандық аурулар, иммунология және аллергология сессиялары, балалар инфекцияларын диагностикалау мен емдеу, мейірбике ісі бойынша секциялар өтті.

«ВизаМед Плюс» ЖШС шараға демеушілік көрсетіп, конференцияны өткізуге өз үлесін қосты.